«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығы (2026.21.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

49) күзетілетін объектілерде және күзет іс-шараларын жүргізу аймағында өткізу режимін жүзеге асыру кезінде қаруды, оқ-дәрілерді және өзге де заттарды уақытша сақтауға қабылдау тәртібін айқындайды;

50) Мемлекеттік күзет қызметінің өзіндік объектілерінде өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

51) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, заңды тұлғаларымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің арнаулы, құқық қорғау және өзге де органдарымен және халықаралық ұйымдарымен өзара қарым-қатынаста Мемлекеттік күзет қызметінің атынан өкілдік етеді;

52) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын жетілдіру мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыныстар енгізеді;

53) Мемлекеттік күзет қызметінің регламентін бекітеді;

54) Мемлекеттік күзет қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапкершілік алады;

55) цифрлық жүйелерді құру, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту, оларды қалыптастыру, сақтау, өңдеу, беру және Мемлекеттік күзет қызметіндегі цифрлық ресурстарға қол жеткізу қағидаларын бекітеді;

56) Қазақстан Республикасының Президентіне Мемлекеттік күзет қызметінің құрылымы мен штат санын бекітуге ұсынады;

57) күзетілетін объектілерге және (немесе) күзет іс-шараларын өткізу аймағына алып өтуге тыйым салынған заттар мен заттектердің тізбесін айқындайды;

58) жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар өздеріне бағынысты ведомстволардың, қызметтердің, бөлімшелердің, қызметкерлер санаттарының тізбесін белгілейді;

59) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмыскерлері санын осы мақсаттар үшін бөлінген қаражат шегінде белгілейді;

60) бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша заттай нормаларды (жабдықтау нормалары), Қазақстан Республикасының аумағында көлікпен жол жүруге жұмсалған шығындарды өтеу нормаларын бекітеді;

61) Мемлекеттік күзет қызметінің консультативтік-кеңесші органдарының ережесі мен құрамын бекітеді;

62) Мемлекеттік күзет қызметінің жедел және оған теңестірілген бөлімшелерге жататын бөлімшелерін айқындайды;

63) конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесін айқындайды;

64) Мемлекеттік күзет қызметінің арнайы есепке алу тәртібін айқындайды;

65) білім алушылар контингентін қалыптастыру, қызметкерлерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды;

66) арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке түскен Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін бейімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

67) тағылымдамадан өту тәртібін айқындайды;

68) Мемлекеттік күзет қызметінің ішкі қызмет жарғысын бекітеді;

69) Мемлекеттік күзет қызметінің кадр құрамының жеке істерін ресімдеу, есепке алуды жүргізу және сақтау тәртібін айқындайды;

70) Типтік емес лауазымдар және оларға сәйкес келетін арнаулы және әскери атақтар тізбесін бекітеді;

71) сержанттар құрамы және офицерлік құрам атқаруға тиіс лауазымдарға тиісті құрамның қызметкерлерін тағайындау мүмкін болмаған кезде аталған лауазымдарға төмен тұрған құрамның қызметкерлерін тағайындау тәртібін айқындайды;

72) қызметкерді ауыстыру, лауазымынан босату, уәкілетті басшының өкіміне алу, қызметтен шығару, арнаулы атақ беру, оны төмендету, одан айыру, қалпына келтіру кезінде, сондай-ақ қызмет өткеру туралы жаңа келісімшарт жасасу кезінде ұсынымды ресімдеу тәртібін айқындайды;

73) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін ауыстыру қағидаларын бекітеді;

74) арнаулы мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша әскери, арнаулы оқу орнында немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымында жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқудың толық курсын үздік бітірген Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін офицерлік құрам лауазымдарына басым тәртіппен тағайындау тәртібін айқындайды;

75) ресми өкілдер туралы ережені бекітеді;

76) кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

77) қызметі арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша он тәулік беруге құқық беретін жергілікті жерлердің тізбесін келіседі;

78) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін көтермелеуді қолдану тәртібін айқындайды;

79) қызметкерлерге (жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағындағы қызметтік тұрғынжайда тұратын қызметкерлерден, сондай-ақ курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

80) арнаулы киім нысанымен және басқа да заттай мүлікпен қамтамасыз ету тәртібін және қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) алынбай қалған заттай мүліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

81) қызметі бойынша орнын ауыстырған кезде Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) бір елді мекеннен қашықтығы жүз километрден астам жердегі басқа елді мекенге көшуге байланысты көтерме жәрдемақы төлеу тәртібін айқындайды;

82) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету тәртібін айқындайды;

83) күзетілетін объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін бақылау тәртібін айқындайды;

84) «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес терроризмге қарсы операцияны өткізу аймағын айқындайды;

85) Мемлекеттік күзет қызметінің террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

86) Мемлекеттік күзет қызметінің террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын бекітеді;

87) мемлекеттік орган шегінде мүлікті беру және қайта бөлу туралы шешім қабылдайды;

88) ақылы негізде жәрдем көрсететін құпия көмекшілерге сыйақы төлеу тәртібін айқындайды;

89) қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуын, тактикасын, нысандары мен әдістерін, тартылған күштер мен құралдарды, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықтың ұйымдастырылуын және жүзеге асырылуын, құпиялылықтың және астыртын әрекет етудің қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асырады;

90) Ұлттық бейнемониториг жүйесін пайдалануға құқығы бар Мемлекеттік күзет қызметі қызметтерінің, бөлімшелерінің және қызметкерлері санаттарының тізбесін айқындайды;

91) шифрланған, құпияландырылған, кодталған байланыс желілерін және арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерін құру, басқару, пайдалану, нөмірлеуді бөлу, жұмыс істеуін, киберқауіпсіздігін, трафик өткізуді, өзара іс-қимыл жасау және пайдалануға қабылдау (пайдаланудан шығару) шарттарын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;

92) күзет іс-шараларын дайындау және өткізу кезінде, сондай-ақ күзет іс-шараларын өткізу аймағында немесе күзетілетін объектілер аумағының үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануды бұзудың жолын кесу үшін пилотсыз әуе кемелерін қолдану тәртібін айқындайды;

93) Мемлекеттік күзет қызметінде кинологиялық қызметті ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

94) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарының қызмет өткеру ерекшеліктерін ескере отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша олардың азық-түлік үлесінің нормаларын айқындайды;

95) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарын тамақпен қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметінде тамақтандыруды ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

96) азық-түлік үлесінің белгіленген нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған кезде Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарына ақшалай өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

97) тамақтандыруды ұйымдастыру туралы шарттың мерзімі шегінде ғимараттарды, асхана үй-жайларын және олардағы мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) өтеусіз уақытша беру тәртібін айқындайды;

98) құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бірлесіп, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру жеңілдіктерін алу үшін мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді конкурстық іріктеу қағидаларын бекітеді;

99) Мемлекеттік күзет қызметінің тұрғын үй комиссиялары қызметінің және цифрлық жүйесінің жұмыс тәртібін айқындайды;

100) Мемлекеттік күзет қызметінің қолданыстағы резервінің қызметкері мен әскери қызметшісіне, штаттағы жасырын қызметкеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

101) Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілеріне жорықтық төлемдерді жүзеге асыру тәртібін айқындайды;

102) резервтегі әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық бойынша сабақтардан немесе жиындардан, дағдарысты жағдай кезінде жиындардан өту тәртібін айқындайды;

103) резервтегі әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің дағдарысты жағдай кезінде жиындар жарияланған жағдайда әскери бөлімге (мекемеге) келу мерзімі мен тәртібін айқындайды;

104) ведомстволық радиобайланыс желілерінде радиобаяндауларды ұйымдастыру және жүргізу, Мемлекеттік күзет қызметінде радиобайланыс құралдарымен, арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

105) Мемлекеттік күзет қызметінің полигондары мен оқу орталықтарының қызмет қағидаларын бекітеді;

106) Мемлекеттік күзет қызметіндегі құқықтық, дене шынықтыру, арнаулы және жауынгерлік даярлық тәртібін айқындайды;

107) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің дене шынықтыру, арнаулы және жауынгерлік даярлығы бойынша нормативтерін бекітеді;

108) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері арасында өткізілетін әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін бекітеді;

109) Мемлекеттік күзет қызметінің көлік құралдарын бақылауды ұйымдастыру және пайдалану тәртібін айқындайды;

110) Мемлекеттік күзет қызметінің қару-жарағын есепке алу, сақтау және тасымалдау тәртібін айқындайды;

111) Мемлекеттік күзет қызметінің арнаулы мемлекеттік архивінің қызмет тәртібін айқындайды;

112) Мемлекеттік күзет қызметіндегі тәрбие, идеологиялық және психологиялық жұмыс тәртібін айқындайды;

113) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығы болмаған кезеңде оның өкілеттігін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам орындайды.

ҚР Президентінің 2026.01.07. № 1337 Жарлығымен 22-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

22. Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.

ҚР Президентінің 2026.01.07. № 1337 Жарлығымен 23-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); ҚР Президентінің 2026.21.09. № 1472 Жарлығымен 23-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

23. Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығына тікелей бағынатын және есеп беретін Мемлекеттік күзет қызметінің аппараты ведомстволар мен құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асырады.

Мемлекеттік күзет қызметінің аппаратын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын аппарат басшысы басқарады.

ҚР Президентінің 2026.01.07. № 1337 Жарлығымен 24-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

24. Алқа Мемлекеттік күзет қызметінің алқалы органы болып табылады.

Алқаның өкілеттігі:

1) жедел-қызметтік жұмыстың барынша маңызды мәселелерін қарау;

2) жедел-қызметтік жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде шараларды тұжырымдауды және олар бойынша келісілген шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету.

Алқаның шешімдері Мемлекеттік күзет қызметі Бастығының бұйрығымен жарияланады. Алқаның міндеттері, өкілеттіктері, қызметінің тәртібі мен дербес құрамы Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығы бекітетін ережемен регламенттеледі.

ҚР Президентінің 2025.10.09. № 992 Жарлығымен 25-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

25. Мемлекеттік күзет қызметіне кіру және қызмет өткеру тәртібі «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

Айрықша мақсаттағы күштер Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының әскери қызметке шақырылатын азаматтарының қатарынан жасақталады.

Айрықша мақсаттағы күштерге мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді іріктеу басым болып табылады.

26. Құпия.

27. Мемлекеттік күзет қызметінде арнайы мемлекеттік архив құрылады.

ҚР Президентінің 2026.21.09. № 1472 Жарлығымен 28-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

28. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету және оларға медициналық қызмет көрсету, медициналық мүлікпен және дәрі-дәрмекпен жабдықтау Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

29. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жеңілдік жағдайында жүргізіледі*.

*Ескертпе. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақылары және сауықтыру жәрдемақылары есептелетін коэффициенттерді белгілеу үшін мемлекеттік органдағы қызмет өтіліне 2020 жылғы 6 қаңтарға дейін қызмет өткерген бір айға бір жарым ай есебінен есептелген қызмет қайта есептеуге жатпайды.

30. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызмет атқаруы жауынгерлік міндеттерді орындау болып табылады және өздігінен, сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілетін іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға негізделеді.

Күзетілетін адамдар және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын өткізу барысында Мемлекеттік күзет қызметінің аға лауазымды адамы оларды өткізуге тартылған барлық адамдар үшін жедел бастық болып табылады.

 

 

4-тарау. Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкі

 

31. Мемлекеттік күзет қызметінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өзіндік қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

32. Мемлекеттік күзет қызметіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

33. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Мемлекеттік күзет қызметінің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

 

5-тарау. Мемлекеттік күзет қызметін қайта ұйымдастыру және тарату

 

34. Мемлекеттік күзет қызметін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

Айрықша мақсаттағы күштердің қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің

 ТІЗБЕСІ

 

1. «Айбын» президенттік полкі» 0112 әскери бөлімі.

2. «Батыр» президенттік полкі» 0111 әскери бөлімі.

3. 0116 әскери бөлімі.

 

Қазақстан Республикасы

Президентінің

2014 жылғы 4 мамырдағы

№ 814 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін
ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

 

1. ҚР Президентінің 2018.05.05. № 681 Жарлығымен күші жойылды (бұр.ред.қара)

2. ҚР Президентінің 2015.29.12. № 152 Жарлығымен күші жойылды (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. «Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды тұлғаларының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 13 сәуірдегі № 371 Жарлығына: (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 18, 186-құжат; 2004 ж., № 21, 263-құжат; 2005 ж., № 32, 426-құжат; 2009 ж., № 24-25, 207-құжат; 2010 ж., № 49, 439-құжат; 2012 ж.,№ 33, 419-құжат; 2013 ж., № 79, 1151-құжат):

аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттік берілген лауазымды тұлғаларының тізбесінде:

мәтін бойынша «Президенттің Күзет қызметінің бастығы» деген сөздер «Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы» деген сөздермен ауыстырылсын;

«Республикалық ұланның қолбасшысы,» деген сөздер алынып тасталсын.

4. ҚР Президентінің 2017.05.05. № 470 Жарлығымен күші жойылды (бұр.ред.қара)

5. ҚБП.

6. ҚР Президентінің 2017.05.05. № 470 Жарлығымен күші жойылды (бұр.ред.қара)

7. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 19, 183-құжат; 2013 ж., № 37, 542-құжат):

аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларында:

45-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«45. Әскери қызметшінің бір әскери лауазымда болуына 5 жылдан аспайтын мерзімге жол беріледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде әскери лауазымда болу уақыты оның бірінші басшысының шешімімен анағұрлым ұзақ мерзімге белгіленуі мүмкін.».

8. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 39, 428-құжат; 2010 ж., № 46, 416-құжат; 2013 ж., № 26, 409-құжат):

аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколында:

23, 31, 46, 47, 48-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«23. Сыртқы істер министрі мейманға Қазақстан тарапынан қарсы алушы ресми адамдарды таныстырады. Содан соң мейман Сыртқы істер министрімен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің (Республикалық ұлан) (бұдан әрі - Объектілерді қорғау қызметі) құрметті қарауылы оның бойымен екі жағынан сапқа тұрған кілемше үстімен қысқаша әңгімелесу үшін әуежай ғимаратының VІР-бөлмесіне өтеді (әңгімелесу кезінде шай, сусын беріледі).»;

«31. Құрметті қарауыл бастығы мейманға сәлемдік баянат береді. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындайды (мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады). Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін мейман мен Президент кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүреді, оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдіреді. Одан кейін мейман және Президент құрметті қарауыл сапының бойымен өтеді (мейман сапқа жақын жүреді), мейман басын сәл иіп құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, шағын құрамдағы кездесуге өтеді.»;

«46. Мейман бекітілген лауазымды адаммен бірге Отан қорғаушылар монументіне (бұдан әрі - монумент) келеді. Мейманды монументтің жанында құрметті қарауыл бастығы және Астана қаласының әкімі (әкімнің орынбасары) қарсы алады.

47. Мейман құрметті қарауыл бастығымен бірге құрметті қарауылды бойлай өтіп, гүл шоғын көтерушілерге беттейді. Салтанатты-рәсімдік музыка ойнайды. Мейман елінің делегациясы монументтің төменгі алаңында сапқа тұрады. Гүл шоғын көтерушілер монументке қарай жүреді. Мейман олардың соңынан 1,5-2 м қашықтықта жүріп отырады. Монументтің іргесіне гүл себетін (гүл шоғын, гүлдестені) қойғаннан кейін мейман гүл себетіне (гүл шоғына, гүлдестеге) жақындап келіп, лентасын түзейді. Бір минут үнсіздік. Бұдан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалады. Мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады.

48. Содан кейін Астана қаласының әкімі (әкімнің орынбасары) мейманды монумент кешенімен таныстырады. Кешенді қарап болғаннан кейін мейман құрметті қарауыл бастығымен бірге құрметті қарауыл ротасының салтанатпен жүріп өтуін қарау үшін арнайы бөлінген орынға келеді.

Содан соң мейман Астана қаласының әкімімен (әкімнің орынбасарымен) бірге ағаш отырғызатын жерге бағыт алады. Ағаш отырғызу рәсімі аяқталғаннан кейін делегация кортежге беттейді де жүріп кетеді.»;

66-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Құрметті қарауыл бастығы мейманға сәлемдік баянат береді. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындайды (мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады). Мемлекеттік әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін мейман мен Президент кілемше үстімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай өтеді, оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдіреді. Одан кейін мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен өтіп (мейман сапқа жақын жүреді), бастарын сәл иіп, құрметті қарауыл бастығымен қоштасады және жүзбе-жүз кездесуге өтеді.»;

86-тармақтың бірінші бөлігі, 94, 100, 111-тармақтар, 115-тармақтың бірінші бөлігі, 119-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«86. Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, Объектілерді қорғау қызметінің парадтық есептобы сап түземейді.»;

«94. Күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі - Мемлекеттік күзет қызметі) айналысады.»;

«100. Объектілерді қорғау қызметі әскери қызметшілерінің парадтық есептоптары марш әуенімен ұлықтау өткізілетін залға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Президенттің байрағын және Қазақстан Республикасының Конституциясын әкеледі.»;

«111. Шетелдік мемлекетке сапарды ұйымдастыру үшін онда құрамына Президент протоколының, Президенттің Баспасөз қызметінің, Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының, Мемлекеттік күзет қызметінің және Президенттің Іс басқармасының, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Сыртқы істер министрлігінің өкілдері кіретін жұмыс тобы жіберіледі.»;

«115. Президенттің жұмыс бабындағы сапар бағдарламасын дайындау және қамтамасыз ету үшін ол жерлерге алдын ала Президент протоколының, Президенттің Баспасөз қызметінің және Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері, Президент Әкімшілігінің баратын өңірді қадағалайтын мемлекеттік инспекторы барады.»;

«119. Әуежайда екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді. Ұшу алаңында Объектілерді қорғау қызметінің құрметті қарауылы сап түзейді.»;

135-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, Объектілерді қорғау қызметінің парадтық есептобы сап түземейді.»;

143-тармақ, 145-тармақтың бірінші бөлігі, 147, 155, 170, 186-тармақтар, 200-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«143. Күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп пен делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен Мемлекеттік күзет қызметі айналысады.»;

«145. Сыртқы істер министрлігі Премьер-Министрдің шет мемлекеттерге сапарының мерзімдерін келіседі. Сапарды ұйымдастыру үшін құрамына Премьер-Министр Кеңсесінің, Сыртқы істер министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері кіретін жұмыс тобы жіберіледі.»;

«147. Ұйымдастыру мәселелерін шешу және Премьер-Министрдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірлерге алдын ала жұмыс тобы жіберіледі, оның құрамына Премьер-Министр Кеңсесінің және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері енгізіледі.»;

«155. Қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша мәртебелі қонақтардың қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін. Мұндай жағдайда бастамашы Президент Әкімшілігі Басшысының атына шетелдік делегация басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Мемлекеттік күзет қызметіне тапсыру туралы ұсыныспен хат жолдайды.»;